Қытай экономикасындағы бəсекелестік, сенімділік жəне даму - читать онлайн бесплатно, автор Ифу Линь, ЛитПортал
bannerbanner
Қытай экономикасындағы бəсекелестік, сенімділік жəне даму
Добавить В библиотеку
Оценить:

Рейтинг: 3

Поделиться
Купить и скачать

Қытай экономикасындағы бəсекелестік, сенімділік жəне даму

Автор:
Год написания книги: 2025
Перевод:
Ардақ Қалиолла
На страницу:
4 из 6
Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля

1. Бұл мақала алғаш рет 2019 жылы 13 тамызда «People's Daily» газетінде жарияланған.

Көптеген кенже қалған елдер үшін кедейлік қамытынан құтылу мен өз дамуын қамтамасыз ету өзекті мəселе. Дəстүрлі ауылшаруашылық өндірісі мен төмен еңбек өнімділігі тəн көптеген кедей елдер кедейліктен құтылу үшін алдымен ауыл шаруашылығы мен ауылдық жерлерді өзгертулері қажет. Біріншіден, еңбек өнімділігі мен шаруалардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін заманауи ауыл шаруашылығы өндірісінің технологияларын, тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану керек. Екіншіден, қуаңшылық пен су тасқыны сияқты күтпеген жағдайлардың жағымсыз салдарын болдырмау, жою жəне ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін су қоймаларының құрылысын қолға алу жəне ауыл шаруашылығы алқаптарының суару жағдайын жақсарту қажет. Оның үстіне фермерлерді өнім өндіруге ынталандыру керек. Бұл ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудың кепілі. Келісімшарттық шаруашылық жауапкершілігі жүйесін енгізу арқылы Қытай шаруалардың өндірістік ынтасын айтарлықтай арттырып, ауылдың келбетін өзгертіп, реформаларға жол ашты. Соңында, мемлекеттің рөлін тиімдірек пайдалану қажет. Бір жағынан, ауыл шаруашылығын жаңғыртуды сапалы тұқым өндіруден бөліп қарастыруға болмайды. Ал сапалы тұқым өндіру негізінен қоғамдық игілік болғандықтан, нарықтық күштерге сүйене отырып, тиімді ұсыныспен қамтамасыз ету қиынға соғады, бұл ретте мемлекеттің рөлін толықтай пайдалану керек. Екінші жағынан, тек шаруаларға арқа сүйеу арқылы ауылшаруашылық алқаптарына үлкен су қоймаларын салу, егін шаруашылығындағы суару жағдайын жақсарту сияқты мəселелерді шешуге болмайды. Сондықтан мемлекеттің рөлін толық пайдалану қажет. Қытай дамуының екінші сабағы – бұл даму мен кедейлікті жоюды ауыл шаруашылығын жаңғыртудан бастау керек.

Əрине, елді кедейліктен шығарып, гүлдендіру үшін бір ғана ауыл шаруашылығын дамыту жеткіліксіз. Индустрияландыруды да ынталандыру керек. Модернизация дегеніміз – ауыл шаруашылығы мен ауыл халқының үлесін азайту процесі. Егер кедей елдер кедейліктен құтылып, дамығысы келсе, индустрияландыруға мүмкіндік туғызып, фермерлерді ауыл шаруашылығынан заманауи өндіріске ауыстырып, индустрияландыру мен дамудың деңгейін үздіксіз көтеріп, өнеркəсіп құрылымын оңтайландыруы қажет. Қытайдың 1978 жылдан бері дамуының басты сабақтарының бірі – ауылды реформалау мен заманауи қызмет көрсету саласын белсенді дамыту арқылы индустрияландыру мен урбандалу. Бұл Қытай дамуының үшінші сабағы.

Шынында, көптеген елдер де алдымен ауыл шаруашылығын жаңғыртып, содан кейін индустрияландыру мен урбандалу қажет екенін түсінеді, бірақ неге жетістікке жеткен елдердің саны аз?

Оның басты себебі, олар елдерін жаңғырту барысында дамыған елдердің жасағандарын негізге алып, қате схеманы таңдаған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сол кездегі үстемдік еткен батыстық теорияға сəйкес ауыр дəрежедегі капитал тапшылығы жағдайында капитал сыйымдылығы жағынан дамыған елдердегі өндірістен кем түспейтін, капиталды көп қажет ететін өндірістерді дамыту үшін импортты алмастыру стратегиясы қолданылды. Салыстырмалы артықшылықтары күйреуінің нəтижесінде компаниялардың ашық əрі бəсекелі нарықтарда табыс табу мүмкіндігі болмады. Мұндай салалар үкіметтің тікелей араласуы мен нарықты бұрмалап қорғауының арқасында ғана өмір сүре алатын еді.

1980 жылдардан бастап кейбір елдер сол кезде үстемдік еткен Батыстың неолибералдық концепциясына сүйеніп, дамыған елдермен бірдей нарықтық экономика құру мақсатында «талдырма терапиясы» арқылы жекешелендіру, нарықтық реформалар мен тұрақтандыруды жүзеге асыруға тырысты. Олар экономиканы қайта құрылымдау мен дамыту процесіндегі мемлекеттің рөлін ескермеді, нəтижесінде бұрыннан бар өнеркəсіптік жүйелері күйреп, жаңа өнеркəсіптік жүйелер құрылмады жəне индустриясыздандыруға əкелді. Бұл нарықтық экономикаға көшкен кейбір елдерде экономикалық тоқырау, күйреу мен дағдарыстар тудырды. Қытай не себепті жетістікке жетті? Оның басты себебі Қытай нарықтық экономикада мемлекеттің үстем рөлін толық пайдаланып, экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен қарқынды дамуына ықпал ете алады. Оны факторлар мен элементтерді жеткізудің өзіндік шарттарымен анықталатын салыстырмалы артықшылықтары негізінде табысқа жете алатын салаларды үлкенірек əрі күштірек етіп, олардың салыстырмалы артықшылықтарын бəсекелі артықшылықтарға айналдыру арқылы іске асырды. Соның арқасында Қытайдың экономикасы ұзақ мерзімде тұрақты жəне тезірек өсті. Бұл Қытай дамуының төртінші сабағы.

2.2. Дамушы елдер дамушы Қытайдан не үйрене алады?

2018 жылы Қытайдың жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өткеніне 40 жыл толады. Бұл мерейтой тарихтағы ерекше сəтпен тұспа-тұс, яғни АҚШ-тың жаһанданудан шығып, Қытайға жаһандық сауда жүйесінің «күзетші иті» ретіндегі рөлін арттыруға мүмкіндік берді.

Оның үстіне Қытайдың соңғы жылдарда əлемнің кедей елінен жаһандық державаға айналуы басқа да дамушы елдерге құнды сабақ бола алады, əсіресе Трамп əкімшілігі жаһандануға қарсы саясатты жалғастырып жатқанын ескерсек.

1978 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ-і өте төмен болып, сыртқы сауданың ЖІӨ-дегі үлесі бар болғаны 9,7%– ды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 32,7%-ды құрайды.

1970 жылдардың соңынан бері Қытайдың экономикалық өсуі таңғаларлық: 2009 жылы Қытай Жапонияны басып озып, əлемдегі екінші экономикаға айналды; 2010 жылы Германияны басып озып, əлемдегі ең ірі экспорттаушы елге айналды; 2013 жылы əлемдегі ең ірі сауда еліне айналды; 2014 жылы сатып алу қабілеті тепе-теңдігі бойынша АҚШ-ты басып озып, əлемдегі ең ірі экономикаға айналды.

1. Бұл мақала алғаш рет 2017 жылы 1 желтоқсанда «The New York Times» газетінде «Қытай дамушы елдерге билікті құру туралы не үйрете алады?» («What China Can Teach Developing Nations About Building Power») деген тақырыппен жарияланған. Автор қытай тіліндегі нұсқасын редакциялаған.

Осы уақыт ішінде 700 миллионнан астам қытайлық кедейлік қамытынан құтылды. Қытай соңғы 40 жылда ешқандай қаржы дағдарысын бастан өткермеген жалғыз дамушы экономика.

Қазір Қытай жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 9 000 АҚШ долларын құрайтын табыс деңгейі ортадан жоғары ел. Бірақ 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 12 700 АҚШ долларынан асып, оны табыс деңгейі жоғары елге айналдыруы мүмкін. Сонымен қатар Қытай əлемдегі ең ірі шикізат өндірушісі жəне əлемдегі бəсекеге қабілетті елдердің бірі.

Қытай жаһандануды толығымен қабылдады. Ол инфрақұрылымды дамыту арқылы Қытайды Азия, Еуропа жəне Африка нарықтарымен байланыстыруды мақсат ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бастады. Бұл бастаманы қолдау үшін Қытай ұсынған Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (AIIB) бастапқыда АҚШ-тың ашық қарсылығына тап болғанымен, бүгінгі таңда 77 мүше-мемлекеті бар əлемдегі ең ірі көпжақты даму ұйымдарының біріне айналды.

2015 жылы Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) АҚШ доллары, жапон иені, еуро жəне британдық фунт стерлинг кіретін Арнайы қарыз алу құқықтары қоржынына енгізілген бес валютаның қатарына юаньды қосты. Бұл юаньды халықаралық резервтік валюта мəртебесіне бір қадам жақындатты.

Айта кететін бір жайт, Кеңес Одағы елдері де, Шығыс Еуропа елдері де экономикалық реформаларды жүзеге асырғаннан кейін экономикалық күйреуді бастан өткерді. Алайда Қытайда сəтті іске асуының себебі негізінен тəсілдердің түрлі болғанына байланысты.

Қытайдағы өтпелі кезеңнің алғашқы сатыларында ауыр машина жасау жəне металлургия сияқты капиталды көп қажет ететін салаларда өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын мемлекеттік кəсіпорындардың саны көп болды. Бұл салалар бəсекелі нарықта қорғаусыз жəне субсидиясыз өмір сүре алмайды. Сондықтан Қытай үкіметі бұл кəсіпорындарға субсидиялар бөлді, сондай-ақ салыстырмалы артықшылығы бар еңбекті көп қажет ететін салалар үшін инвестициялық мүмкіндіктерді ашты. Мұндай екі қатарлы жүйе Қытайға тұрақтылықты сақтап, қарқынды дамуға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Осындай стратегияны Қытай экономикасын ырықтандыру кезінде де қабылдады. Қытай мемлекеттік кəсіпорындар үстемдік ететін капиталды көп қажет ететін салаларға шетел капиталының ағынын шектеді. Сонымен қатар шетел инвестициясын тарту мақсатында еңбекті көп қажет ететін өндірістерді сыртқы əлемге ашты.

Екі қатарлы реформалар үлкен шығындарды талап етті. Нарыққа араласу мен бұрмалау сыбайлас жемқорлықтың өсуіне жəне табыстың əділетсіз бөлінуіне əкеп соқтырды. Өңдеу өнеркəсібінің қарқынды дамуына байланысты қоршаған орта ластанды. Осы проблемаларды шешу үшін Си Цзиньпин Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы бес жылында, яғни 2012 жылдан 2017 жылға дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жанжақты науқанды бастады. Екі қатарлы реформалардағы бұрмалануларды түзетіп, нарықтың ресурстарды бөлуде шешуші рөл атқаруына мүмкіндік берді жəне қатаң экологиялық ережелерді талап етті.

Қытайдың экономикалық қуаты артқан сайын оның жаһандық басқаруға ықпалы да арта түсуде. 2017 жылдың қазан айында ҚКП-ның XIX бүкілқытайлық съезінде Си Цзиньпин екінші бес жылдық мерзімге елдің жоғарғы көшбасшысы болып сайланды. Си Цзиньпиннің қазіргі міндеті – Қытайдың тиімді ашық нарықтық экономикаға көшуінің аяқталуын қамтамасыз ету жəне бейбітшілік пен даму мүддесі үшін жаңа халықаралық тəртіптің қалыптасуына үлес қосу.

Қытай ел ішінде де, дүниежүзінде де кедейлік пен аштықты жою бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастырады. Қытай Батыс сияқты гуманитарлық көмектің алғышарты ретінде өзінің құндылықтары мен идеологиясын міндеттемей, дамушы елдерге көмек, сауда жəне инвестициялық мүмкіндіктер беруді жалғастыра отырып, қолсұқпаушылық принципін ұстануды жалғастырады.

1970 жылдардың соңынан бастап Қытай мықты көшбасшылық пен прагматизмнің үйлесуінің арқасында жетістікке қол жеткізді. Қытай көрегендік пен ашықтықты сақтап, əлемдегі жетекші держава ретінде өзінің тарихи рөлін қалпына келтіруге ұмтылады.

2.3. Қытайдың тәжірибесі жаһандық кедейлікті жоюға үлес қосады

Қытайдың реформалар мен ашықтық саясатының кереметі

Қытай реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі 40 жылда экономикалық жəне əлеуметтік дамуда үлкен жетістіктерге жетті. Басқа елдермен салыстырғанда Қытайдың реформалар мен ашықтық саясаты үдерісінің ерекшеліктері қандай?

Қытайдың керемет дамуының басты себептерінің бірі – бар теорияларға еліктемей, шетелдің дайын теорияларын қабылдамай, өз жолымен жүріп, санасын азат етіп, шындықты фактілерден іздеуі. Қытай бар проблемаларды негізге ала отырып, олардың себептерін мұқият талдап, шешу жолдары мен шектеулерін зерттеді. Екі қатарлы жүйені ескі жəне жаңа əдістермен біртіндеп реформалау арқылы тұрақтылықты сақтай отырып, экономиканың қарқынды дамуына қол жеткізу үшін ішкі жəне шетелдік екі нарық пен екі түрлі ресурстарды толық пайдаланады.

1. Бұл мақала автордың 2018 жылы сəуірде «XXI ғасырдағы іскерлік хабаршысында» жарияланған сұхбатына негізделген.

Өздерінің ішкі мəселелерін шетелдік теорияларды немесе «идеалды» үлгілерді қолдану арқылы тездетіп шешуге тырысқан басқа елдер көбінесе экономикалық күйреу, тоқырау немесе дағдарысқа тап болды.

Сыртқы бақылаушылар Қытайдың ырықтандыруға негізделген екі қатарлы біртіндеп реформалау жолын 1980–1990 жылдардағы өтпелі кезеңнің «ең нашар» формасы ретінде бағалағанымен, шын мəнінде бұл Қытайдың тұрақты əрі қарқынды дамуының себебі болды. Əрине, осы жолда жемқорлық, табыстың əділетсіз бөлінуі, экологияның нашарлауы сияқты мəселелер туындады. Қиындыққа тап болған Қытай да ақылойын азат етіп, шындықты фактілерден іздеп, объективті түрде талдап, оң жауап қайтарды. Бұл Қытайды реформалар мен ашықтық саясатынан кейін жайлап жетістікке жеткізген ең маңызды тəжірибе.

2025 жылға қарай Қытай табыс деңгейі жоғары экономикаға айналады

Давостағы форумда мен 2025 жылға қарай Қытай екінші дүниежүзілік соғыстан кейін табыс деңгейі төмен елден табыс деңгейі жоғары елдер тобына кіретін үшінші экономика болады деп болжадым. Сонымен, Қытайдың экономикалық өсуі қалай жүзеге асады?

Бізде үнемі экономикалық дамуға бағытталған ішкі мотивация механизмі бар. Біз қытай ұлтының ұлы жаңғыруына ұмтыламыз, бұл ҚКП-ның, барлық қытай зиялыларының жəне барлық қытайлықтардың бастапқы ниеті. Біздің дамуымыздың ішкі мотивациясы осы.

Табыс өспей берекелі өмір сүру мүмкін емес. Оның қажетті шарты – еңбек өнімділігін арттыру. Бұл өз кезегінде үнемі технологиялық инновацияларды қажет етеді. Реформалар мен ашықтық саясатының басында барлық сала бойынша Қытай мен дамыған елдер арасында үлкен алшақтық болды. Қытай өзінің дамыған елдерден өнеркəсіптік жəне технологиялық артта қалуын пайдаланып, озық шетелдік технологияларды қабылдау, үйрену жəне игеру үшін өзінің «кешіккен» жағдайын пайдаланып, технологиялық инновациялар мен өнеркəсіпті жаңартуға байланысты шығындар мен тəуекелдерін айтарлықтай азайтты. Бұл Қытайдың реформалар мен ашықтық саясатын сəтті жүргізгенінің басты себептерінің бірі.

2017 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ-і 8800 АҚШ долларын құрады. Бұл оны АҚШ-тың 60 000 доллары, Германияның 44 000 АҚШ доллары, Жапонияның 34 000 АҚШ доллары жəне Оңтүстік Кореяның 30 000 долларымен салыстырғанда табыс деңгейі ортадан жоғары елдер тобына жатқызды.

Бүгінгі таңда Қытайдың өнеркəсіптік жəне технологиялық стандарттарында кейбір ағаттықтар бар, бұл оған дамыған елдермен салыстырғанда нарыққа «кешігіп» енген артықшылықты береді. Дегенмен Қытай табыс деңгейі ортадан жоғары ірі ел ретінде тұрмыстық электроника, жоғары жылдамдықты теміржол жəне энергетикалық жабдықтар сияқты салаларда əлемдік көшбасшыға айналды. Сондықтан бұл салаларды дамыту үшін Қытай тек өзінің инновациясына ғана сене алады. Сондай-ақ адами капиталға инвестиция үстемдік ететін Интернет жəне ұялы байланыс сияқты қысқа ғылымизерттеу жəне əзірлеу циклдері бар дамып келе жатқан салалар бар. Шамамен 1,4 миллиард халқы бар үлкен мемлекет ретінде Қытай адами капиталда артықшылыққа ие жəне оның дамыған елдерден озып, осы дамып келе жатқан салаларда олармен тікелей бəсекелесу мүмкіндігі бар.

Бұл біздің табыс деңгейі төмен экономикадан табыс деңгейі жоғары экономикаға айналған үшінші экономика болатынымызға сенімділік береді. Егер жүзеге асса, бұл адамзат тарихындағы өте маңызды кезең болады. Ол кезде табыс деңгейі жоғары елде тұратын əлем халқының үлесі 16%-дан 35%-ға өседі.

Қытай халықаралық аренада өз теорияларын ұсынуы керек

Қазіргі таңда Қытай – əлемдегі екінші ірі экономика. 2014 жылы сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша əлемдегі ең ірі экономикаға айналды. Қытай экономикасының ауқымы ұлғайған сайын оған халықаралық ұйымдардың да қызығушылығы артып келеді. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристин Лагард бірде он жылдың ішінде ХВҚ-ның штаб-пəтері Қытайдың астанасы Бейжіңге көшуі мүмкін екенін айтқан болатын. Сондай-ақ халықаралық ұйымдарда да қытайлықтардың саны көбейіп келеді.

Қытайдың халықаралық басқару жүйесіндегі дауысы мен ықпалы оның экономикалық жағдайы жақсарған сайын арта түсетіні сөзсіз.

Маған 2008 жылы дамушы елдерден Дүниежүзілік банктің бас экономисі жəне аға вице-президенті болып тағайындалған бірінші адам болу бақыты бұйырыпты. Маған дейін осы қызметті атқарған сегіз адам дамыған елдерден шыққан жəне экономика саласындағы жетекші тұлғалар болды. Олардың арасында экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары да бар. Олардың үлкен саяси тəжірибесі де болды, арасында Ақ үйдің Экономикалық консультативтік комитетінің төрағасы жəне Орталық банктің басшысы қызметтерін атқарғандар да бар.

Мен Қытайдың дамуы арқасында осындай мүмкіндікке ие болдым, өйткені бұл халықаралық даму агенттіктерінің дамудағы мақсаты кедейлікті азайту еді. Қытайдың соңғы 40 жылдағы қарқынды дамуы 700 миллионнан астам адамды кедейліктен құтқарды. Бұл жаһандық кедейлікті 70%-ға қысқартуға ықпал етті. Менің бір кездері əлемдегі ең жоғары саналған экономист лауазымына көтерілуім Қытайдың дамуы мен кедейлікті жоюдағы зор жетістіктерінің көрінісі екені айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі таңда халықаралық даму институттарында жұмыс істейтін қытайлықтардың саны артып келеді. Мысалы, Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры жəне Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркəсіптік даму бағытының атқарушы директоры – қытайлықтар. Дегенмен, жалпы алғанда біздің дауысымыз əлі де аздық етеді, əлемдік экономикадағы экономикалық үлесімізге сəйкес келмейді. Қазіргі уақытта халықаралық аренада əлі де батыстық теория мен дискурс үстемдік етіп келеді. Қытай трансформациясының жетістіктеріне қарамастан, халықаралық қоғамдастық Қытай тəжірибесін негізінен батыстық теория тұрғысынан қарастырады. Батыстық теория тұрғысынан қарағанда, Қытай көптеген проблемасы бар ел жəне «Қытайдың күйреуі теориясы» бүкіл əлемде қайталанады.

Алайда Қытайдың жетістігінің артында қандай да бір себеп болуы керек. Егер Қытайдың жетістігінің себептерін қорытындылайтын болсақ, олар Қытайдың даналығы мен шешімдері болатын еді. Теориялардың жарамдылығы жағдайлардың ұқсастығына байланысты, ал Қытай дамуының алғышарттары басқа дамушы елдермен салыстырмалы түрде ұқсас болғандықтан, басқа дамушы елдердің мəселелерін шешуде қытайлық теориялардың маңызы зор. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған елдер дамушы елдерге 3 триллион доллардан астам көмек көрсетті. Бұл үлкен сома жəне өте жақсы бастау нүктесі. Алайда бұл дамыған елдердің есептеме жүйесі мен теорияларына негізделген, ал ол көмектің əсері тиімсіз. Егер реформалар мен ашықтық саясатынан кейінгі Қытайдағы кедейлік деңгейінің төмендегенін есепке алмасақ, дүниежүзіндегі кедейлер саны 2000 жылы да азайған жоқ.

Қытайдың халықаралық мəртебесі көтерілген сайын халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін қытайлықтардың саны да артады. Қытай тəжірибесін тиімдірек жалпыландыру, жаңа теорияларды алға жылжыту жəне жаңа дискурсивті жүйелерді құру жаһандық кедейлікті азайтуға көмектеседі.

Үкіметтің іс-əрекеті нарықтың тиімділігіне негізделуі керек

Реформа «терең сулы аймаққа» енді деген пікір басым. Біз əлі қандай «қатты сүйектерді» кеміруіміз керек? Үкімет пен нарықтар қандай рөл атқаруы керек? Соңғы 40 жылдағы реформалар мен ашықтық саясатының жетістіктері оңай жолмен келген жоқ. Шынында, 1980–1990 жылдары барлық социалистік елдер өзгеріске табанды түрде ұмтылды, бірақ санаулысы ғана табысқа жетті. Көпшілігі экономикалық күйреу, тоқырау жəне тұрақты дағдарыстарды бастан кешірді.

Қытай реформалар мен ашықтық саясатын іске асыруда екі бағыт бойынша прогрессивті тəсілді ұстанды. Бір жағынан, ол жоспарлы экономика дəуірінің көптеген басқыншылық қателіктерін əлі де сақтап қалған бастапқы ірі мемлекеттік кəсіпорындарды қорғайды жəне субсидиялайды. Екінші жағынан, компания қалыптасқан жағдайды пайдаланып, жекеменшік жəне шетелдік кəсіпорындарға бұрын қысымға түскен, Қытайдың салыстырмалы артықшылығына сəйкес келетін, бəсекеге қабілетті, жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін, экспорттың өсуіне ықпал жасайтын салаларда мемлекеттік кəсіпорындар ашуға мүмкіндік берді. Ол кезде жалпыұлттық инфрақұрылым мен институционалды ортаның əлсіз болғанына қарамастан, Қытай салыстырмалы артықшылықтарға ие өнеркəсіптерді тез арада бəсекеге қабілетті салаларға айналдырып, тұрақты əрі қарқынды дамуға қол жеткізді.

1980–1990 жылдары мұндай екі қатарлы біртіндеп жасалатын реформалар ауысудың ең нашар түрі ретінде қарастырылды. Ол кезде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға ауысу үшін жекешелендіру, маркетингілеу жəне ырықтандыру қажет, сондай-ақ нарықтық сəйкессіздіктер мен мемлекеттің араласуын тез арада жою қажет деген пікір басым болды. Батыстың үстемдік ететін экономикалық теориясын бұзған біртіндеп реформалайтын екі қатарлы жүйенің біртіндеп жасалатын реформасы неге сəтті болды? Басты себебі бұл тəсіл өтпелі кезеңнің реформасына дейін басымдықты болған, салыстырмалы артықшылықтары мен өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндіктері жоқ капиталды көп қажет ететін өнеркəсіп секторларын қорғап, экономикалық жəне əлеуметтік тұрақтылықты тиімді сақтайды.

Бұл ретте үкімет салыстырмалы артықшылықтарға сəйкес келетін бұрын тежелген еңбекті көп қажет ететін секторларды ырықтандырды жəне олардың жағдайға сəйкес дамуына ықпал етті, осылайша тұрақты экономикалық өсуді ұстап тұрды. Бұл экономиканың тұрақты өсуін сақтауға мүмкіндік берді. Ал бұл секторлардың дамуы көптеген жаңа жұмыс орындарын құрып, ауылдық жерлердегі артық жұмыс күшін қалалардағы өнеркəсіптік секторға көшіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар салыстырмалы артықшылыққа сəйкес келетін салалардың қарқынды өсуі капиталдың жинақталуына мүмкіндік берді. Осылайша, бұрын салыстырмалы артықшылықты бұзып, өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын кəсіпорындар салыстырмалы артықшылықтарға сəйкес келетін, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын кəсіпорындарға айналды. Өтпелі кезеңде түрлі қорғаушы субсидиялары «қажет болған кезде көмек көрсетуден» «артықшылықтар беруге» ауысты, олар бірте-бірте қысқартылуы немесе тіпті жойылуы мүмкін.

Қазіргі таңда басты салалардың көпшілігі біздің салыстырмалы артықшылықтарымызбен сəйкес келеді. Алайда елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа да табыс деңгейі жоғары елдер сияқты нақты қолдау көрсету қажет. Мұндай салалардың саны өте аз, сол себепті қолдау көрсету əдісі басқа елдердегі сияқты болуы керек, яғни субсидиялар тікелей бюджет қаражатынан бөлініп, нарықтық бағаны бұрмаламау керек. Сондықтан ҚКП XVIII шақырылымы үшінші пленумы заман талабына сай болу, реформаларды жан-жақты тереңдету, барлық бұрмалаушылықтарды жою, ресурстарды бөлуде нарықтың шешуші рөл атқаруын қамтамасыз етуді ұсынады.

Экономикалық даму процесінде нарықтық сəтсіздіктер, сөзсіз, болып тұрады. Сондықтан нарықтағы сəтсіздіктерді жою үшін келешегі бар мемлекет те қажет. Мемлекет пен нарық арасындағы қарым-қатынас бірін-бірі толықтырады: нарық мемлекет үшін, ал мемлекет нарық үшін тиімді болуы керек, бұл өзара өз-өзіне жеткіліксіздіктің негізі. Бұл Қытайдың сəтті реформалар мен ашықтық саясатының басты тəжірибесі жəне мен жақтайтын жаңа құрылымдық экономиканың негізі.

Серпінді дамып келе жатқан Гуандун-Гонконг-Макао шығанағы аймағының артықшылығын пайдалану үшін институционалдық айырмашылықтарды үйлестіру қажет

Гуандун – реформалар мен ашықтық саясатынан кейін ең жылдам дамып келе жатқан провинция. Реформалар мен ашықтық саясатының басында «күшті жəне əлсіз жақтарды толықтыру» принципі (сырттан келетін материалдарды өңдеу, үлгілерді өңдеу, сырттан келетін бөлшектерді құрастыру жəне өтемақылық сауда) Гуандун провинциясында жасалған ең алғашқы тəжірибе болды. Сонымен қатар жұмыс күші бағасының өсуі мен салыстырмалы артықшылықтардың өзгеруіне байланысты Гуандун провинциясы алғашқы болып қолданыстағы өнеркəсіптік базадан қолданыстағы дəстүрлі өңдеу өнеркəсібін «көшіру», содан кейін экономикалық трансформация мен өнеркəсіпті жаңартуға қол жеткізу үшін «өнімділікті арттыруды» ауыстыру идеясын ұсынды.

Бұл үдерісте Гуандун провинциясы кəсіпкерлерді нарықтың рөлін белсендірек пайдалануға жұмылдырды, сонымен қатар инфрақұрылымды белсенді дамыту, қолайлы саяси орта тудыру жəне кəсіпкерлер шеше алмайтын мəселелерді шешу арқылы мемлекеттің рөлін белсенді пайдаланды.

Технологиялық инновациялар, өнеркəсіптік жаңартулар мен кəсіпорындардың инновациялары да тоқтаусыз процесс. Гуандун провинциясы осы жаңашылдық рухын жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерді анықтап, түрлі институционалдық, ұйымдық, жұмсақ жəне қатаң инфрақұрылымдық кедергілерді жеңуі керек. Гуандун провинциясы болашақта елдің экономикалық дамуының алдыңғы шебінде болуы үшін провинциядағы түрлі инновациялар да заман талабына сай болуы керек.

Гуандун-Гонконг-Макао шығанағы аймағы елдегі ең жоғары табыс деңгейі мен даму сатысына ие, сондай-ақ бұл аймақ əлемдегі ең ірі экономикалардың бірі. Нью-Йорк шығанағы аймағы, Сан-Франциско жəне Токиомен салыстырғанда ГуандунГонконг-Макао шығанағы аймағының үлкен ішкі айырмашылықтары бар. Бұл əрі əлемдік қаржы орталығы, əрі əлемдегі ең ірі өндірістік база. Бұл ішкі айырмашылықтары олардың экономикаларының бірін-бірі толықтыратын сипатын көрсетеді. Ал осы айырмашылықтар мен бірін-бірі толықтырушылық толық пайдаланылса, ол ең серпінді аймақ болмақ.

Қазіргі таңда шығанақ аймағын дамытудағы ең үлкен кедергі – əртүрлі институционалдық құрылымдар арасындағы үлкен айырмашылықтар. Мысалы, Шэньчжэнь – арнайы экономикалық аймақ, ал Гонконг пен Макао – екі арнайы əкімшілік аймақ. Шығанақ аймағының экономикаларының əрқайсысы оның синергиялық əсерін пайдалануы үшін институционалдық айырмашылықтарды қалай үйлестіруге болатынын, бастапқы жүйенің жақсы жақтарын қалай сақтап, əлсіз жақтарын қалай жеңуге болатынын зерттеу қажет.

Сауда дауы туындаған кезде қашпай, сол жерде күресу керек

Қытайдың дамуын жаһанданудан бөліп қарауға болмайды. Жаһандық еркін сауда жүйесі АҚШ-тың болат пен алюминий өнімдеріне ауқымды импорттық баждар енгізуі жəне бəсекелес аймақтық сауда келісімдері нəтижесінде күрделі қиындықтарға тап болып отыр.

На страницу:
4 из 6